Түркітілдес журналистер қоры туралы

«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры 2014 жылдың 11 қарашасында құрылды. Бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Қордың жанынан Қазақстандағы Әйел журналистер клубы, Жас журналистер мектебі, Медиа тренерлер мектебі ашылған. Сондай-ақ, қаржы, мәдениет, спорт, халықаралық қатынастар комитеттері жұмыс істейді. Басты мақсат – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби білігі мен бірлігін арттыру, Қазақстан мен шет елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында тәжірибе алмасу, медиа саласында серіктестермен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Осы орайда, 2014-2023 жылдар аралығында Түркия, Түркия Республикасы Солтүстік Кипр, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдерге қазақ журналистер үшін тегін сапарлар ұйымдастырды.

2019 жылы Стамбұлда І Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы болды. Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан мен Еуропа елдерінің журналистері қатысқан шара 2022 жылдан бері Алматыда өтіп келеді. Медиамен қатар туризм саласына көңіл бөлетін Қор 2023 жылы Қазақстанда І Халықаралық медиа және туризм форумын ұйымдастырды.

Қазақ журналистерінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде дамытуды көздейтін Түркітілдес журналистер қоры БАҚ өкілдерінің салалық журналистиканы меңгеруіне басымдық береді. Осы орайда, отандық және шетелдік әріптестерімен бірге ел іші мен шекара сыртында түрлі жобалар – семинар-тренингтер, пресс турлар, медиа форумдар, вебинарлар, ғылыми конференциялар жүзеге асырылды.

Салалық журналистиканы дамытуға басымдық беретін Түркітілдес журналистер қоры 2017 жылы «Халық банк» АҚ серіктестігінде «Еркін сөз» шығармашылық байқауын бастады. Қаржы және қаржылық сауаттылыққа негізделген Байқаудың басты мақсаты – қазақ журналистер мен Қазақ қоғамыныі қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру. «Үздік телесюжет», «Үздік мақала», «Сайттағы үздік мақала» аталымдарына жеңімпаздары анықталатын «Еркін сөзде» 2020 жылдан бастап арнайы сыйақылар тағайындалды. Тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз Қазақ журналистикасын дамытуға үлес қосқан Аманхан Әлім, Қуандық Шамахай, Жолдасбек Дуанабай, Нұрперзент Домбай, Бақытгүл Мәкімбай, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Айнұр Сыдықова, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйақы тағайындалды.

2022 жылы Түркітілдес журналистер қоры «Шеврон» компаниясының серіктестігінде «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауын бастады. Мақсат – Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға орасан зор үлес қосып келе жатқан «Шеврон» компаниясының әлеуметтік бағыттағы жобаларын БАҚ-та насихаттау. Биыл «Әлеумет – қоғам айнасының» тақырбына «Шевронның» 30 жылдық еңбегі мен оның «Ayala»,  «ItechMe» және  «Caravan of Knowledge» жобалары таңдалды.

Журналистика саласындағы қатар Қор Қазақ қоғамын дамыту мақсатында волонтерлік бағыттағы шаруаларды жүзеге асырады.  COVID-19  дерті ушыққан кезеңде Қор жанынан ашылған Жас журналистер мектебі Қазақстандағы, әсіресе, аймақтардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап тегін онлайн Журналистика курсын бастады. Нәтижесінде, 2020-2023 жылдар аралығында еліміздің 100-ден астам түлегі отандық жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерінен білім грантын иеленді. Түркітілдес журналистер қорының мүшелері Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен әлуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді.

2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Германия, Ұлыбританиядағы әріптестермен бірге Дүнижүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясын құрды. Ұйымның басшылығына Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы сайланды. Мақсат – қазақ журналистердің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде шыңдау. 2024 жылдан бастап АҚШ пен Еуропа елдерінде дәстүрлі журналистика мен жаңа медиаға қатысты семинарлар, конференциялар мен пресс турлар ұйымдастырылады.

Түркітілдес журналистер қоры Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттері үшін отандық және шетелдік университеттерде білім алуына қатысты кеңес беру жобаларын қолға алады.