Түркі әлемінің мәдени мұрасын таныту: Ахмет Түзүн маңызды ұсыныстарын айтты

Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбына VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында Еуразиялық Ынтымақтастық қауымдастығының төрағасы Ахмет Түзүн түркі халықтарының мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілету жөнінде маңызды ұсыныстар айтты.
Спикердің айтуынша, мәдени мұра – халықтарды біріктіретін рухани күш әрі болашаққа бастайтын жол. Түркі дүниесі адамзат өркениетіндегі ең бай мәдени кеңістіктердің бірі екенін айтқан Ахмет Түзүн бұл мұраны тиімді таныту – ортақ міндет екенін атап өтті.
«Ата-бабамыздан қалған қазынаға лайықты құрмет көрсету үшін заманауи коммуникациялық тәсілдер мен халықаралық мәдени шараларды белсенді пайдалану қажет. Біз біріккенде ғана нәтижелі жұмыс істей аламыз. Ұсынылған негізгі бағыттар: халықаралық мәдени, өнер, спорт және туризм шараларын көбейту; түркі елдерінің тарихы мен қаһармандарын мультфильмдер мен анимация арқылы әлемге таныту; ортақ фестивальдер мен симпозиумдарды тұрақты форматқа айналдыру; Түркі мемлекеттері ұйымы мен ТҮРКСОЙ жобаларын кеңейту; журналистер мен коммуникация саласының өкілдері арасында тұрақты ынтымақтастық орнату», – деді ол.
Ахмет Түзүннің сөзінше, мәдени мұра тек сәулеттік ескерткіштер мен тарихи нысандардан тұрмайды. ЮНЕСКО анықтамасына сәйкес, ол дәстүрлі өнер, ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлер, білім мен дағдыларды да қамтиды. Түркі елдері бұл бағытта айтарлықтай бай мұраға ие.
ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан 6, Түркиядан 22, Өзбекстаннан 7, Әзербайжаннан 5, Қырғызстаннан 3, Түрікменстаннан 5 нысан енген. Спикердің айтуынша, мәдени мұраны танытудың кілті – ақпараттық ықпал мен бірлескен жұмыс.
«Әр ел бөлек жұмыс істегенде нәтижесі шектеулі. Ортақ іс-қимыл, ортақ жобалар – мәдени туризмді жаңа деңгейге шығарады», – деді ол.
Форум барысында Түркі елдері медиа ынтымақтастығын құру мәселесі де талқыланды. Маман бұл бастама мәдени туризмді ілгерілетіп, түркі дүниесінің брендін қалыптастыруға көмектесетінін айтты.
Айта кетейік, медиа форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, Қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері т.б. қатысты.



