Сарапшы: «Түркі әлемінде коммуникацияның жаңа дәуірі басталды»

HeadHunter Central Asia компаниясының маркетинг және PR-менеджері Мұхамед Бағдатұлы Түркі елдеріндегі коммуникациялық өзгерістер туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Орталық Азияда соңғы бес жыл ішінде ақпараттық және әлеуметтік орта түбегейлі трансформацияға ұшырады».

Спикер бұл туралы Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбына VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында айтты.

Сарапшы өңірдегі негізгі трендтерді атап өтті. Ол жастар үлесінің артуы мен еңбек нарығындағы зумер буынының күшеюін, әрі жасанды интеллект пен автоматтандырудың жылдам дамуын ерекше атады.

«Экономикалық жаңғыру, мемлекеттік реформалар және ақпараттың шапшаң таралуы ұйымдарды коммуникация стратегиясын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Беделді басқарудың жаңа талаптары: ашықтық, әлеуметтік жауапкершілік, стратегиялық тұрақтылық және HR-бренд сапасы. Компания беделі көп жағдайда бірінші басшының жеке имиджімен тікелей байланысты», – деді Мұхамед Бағдатұлы.

Сонымен қатар HeadHunter платформалары нарықтағы өзгерістерді, зерттеулер мен сауалнамаларды көрсетіп, ұйымдардың коммуникациялық беделіне әсер ететінін жеткізді. Мұхамед Бағдатұлы Түркі елдерінде бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптасып келе жатқанын айтты.

«Түркі мемлекеттері бір-бірінің медиасына бұрынғыдан да көбірек ықпал ете бастады. Аудиторияның эмоцияға емес, дәлелге негізделген ақпаратты қажет ететінін, ал ұлттық ерекшеліктер контент жасау тәсілін өзгертетінін ескеруіміз қажет. Сондай-ақ инфлюенсерлердің рөлі айтарлықтай артты. Біздің өңірде оларға деген сенім деңгейі әлі де жоғары», – деді Мұхамед Бағдатұлы.

Форум аясында сарапшы еңбек нарығының өзгерісі жұмыс беруші брендіне әсер етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, «Жұмыс беруші бренді қазір компанияның стратегиялық активіне айналды. Осы себепті HR мен PR бағыттарының интеграциясы барған сайын маңызды болып отыр».

Айта кетейік, медиа форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, Қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері т.б. қатысты.

 

Leave a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Scroll to Top